«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Әйелдер бизнесі – бұл елеулі күш

2016 жылғы 12 Сәуір
- Атырау облысы
8476 просмотров

Микронесиелерді, ең алдымен, ауылдың кәсіпкер әйелдері алуы тиіс

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бастамашы болған шағын бизнесті микронесиелеудің жаңа бағдарламасы бойынша микронесиелердің басым бөлігін әйелдер – ауылдағы кәсіпкерлер алуы тиіс. Бұл туралы Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің отырысы барысында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев мәлімдеді.

«Қайта кұру кезеңінде дәл осы әйелдер ел экономикасының аяғынан тұруына көмектесті. Қазір де біз сіздерге арқа сүйейміз. Дамыған елдер тәжірибесі көрсеткендей, әйелдер кәсіпкерлікте анағұрлым белсенділік танытады. Сондай-ақ, олар несиелерін төлеуге жауапкершілікпен қарайды. Микронесиелеу саласында әйелдер – аудиторияның негізгі бөлігі. Сол себепті біз жаңа бағдарлама аясында соларға, атап айтқанда, ауылдағы әйел-кәсіпкерлерге басымдық береміз», – деп атап көрсетті Нұржан Әлтаев Кеңес мүшелеріне қарата.  

Басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, бүгінгі күні пилоттық жоба Қазақстанның алты облысында іске қосылған. Атырау облысы бұл тізімге кірмесе де, Ұлттық кәсіпкерлер палатасында микронесиелерді пайдалана алатын өңірлердің санын ұлғайту мақсатымен демеушілер іздеу жөнінде жұмыс жүргізілуде.

Бағдарламаның шарттары бойынша, қаражаттың 50%-ын демеушілер береді, қалған 50%-ын облыс әкімдіктері бөлуі тиіс. Микронесиелер төмен пайыздық мөлшерлемемен беріледі.

«Бүгінгі күнге қарай бұл шамамен 7%-дық жылдық мөлшерлемені құрайды, тіпті инфляцияның деңгейінен де төмен. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін – бұл негізінен ауылдағы жаңадан бастаған кәсіпкерлерді қолдауға арналған әлеуметтік жоба. Біз талдау жасап, өңірлер, оның ішінде ауылдар үшін ең өзекті мәселе – қаржы құралдарының қолжетімділігі екендігін анықтадық, және де біз бұл мәселені шешкіміз келеді. Бұл, бір. Екіншіден, біз мемлекеттік органдарға ауылға сенуге болатынын көрсеткіміз келеді. Егер біз тәжірибені сәтті жүргізсек, онда Үкімет аталған бағдарламаны қолдауға дайын», – деді Нұржан Әлтаев.

Басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, бағдарламаның артықшылығы, оның екінші деңгейлі банктер мен қаржылық ұйымдар жұмыс істемейтін шалғай ауылдық мекендерді қамтитындығында. Оған қоса, кез келген өтімсіз кепілзаттар қабылдана береді. Ауылдағы кәсіпкерлердің бұл да бір негізгі проблемасы екендігі белгілі.

Іскер әйелдердің өңірлік кеңесінің мүшелері мұндай бағдарламаның маңызын жоғары бағалады және оның атыраулық кәсіпкерлер үшін де қолжетімді болғанын тіледі.

«Сіздер өз өңірлеріңізде жұмыс істейтін барлық кәсіпкерді білесіздер. Кеңестің шешімімен сіздер, өз ойларыңыз бойынша, аталмыш бағдарламаға қатыса алатын кәсіпкер әйелдердің тізімін жасай аласыздар, сөйтіп, сіздер олардың осы қаржыны тиімді игеретініне және қайтаратынына кепіл іспетті боласыздар. Біз, өз тарапымыздан, Атырау облысы да микронесиелеу бағдарламасына қатысушы болуы үшін бүкіл қажетті көмекті көрсетуге дайынбыз», – деп қосты «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова.

Одан әрі қарай отырыстың тақырыбы қазақстандық бизнесвумендердің таяудағы БАӘ-ге сапарына ойысты, оның қатарында атыраулық кәсіпкер әйелдер де болды. Жақын уақытта Қазақстанға жауап сапар күтіліп отыр, сол себепті Кеңес мүшелері ынтымақтастықтың тоғысар нүктелерін талқылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер