ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев: «Шаруалар салықтан босатылуы тиіс»
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев және “Ауыл” партиясы Маңғыстау облысы бойынша филиал төрағасы Қуанышбай Озғамбаев, Маңғыстау облысы Атамекен кәсіпкерлер палатасында жергілікті кәсіпкерлермен, фермерлер қауымдастығы мүшелерімен, атқарушы органдар, кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен кездесті, - деп хабарлайды Маңғыстау өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
- Бір жарым жылдың ішінде Парламентте 106 заң қараппыз. Соның ішінде 37-сі қабылданып, Мемлекет басшысы қол қойды. Қандай заң шықса да, өміршең болуы керек. Халықтың өмірлік, тұрмыстық жағдайына, жұмыс істеуіне мүмкіншілік болатындай оң әсерін беруі керек. Осы бағытта жұмыс істеп, соңғы уақытта 10 заңды қарап жатырмыз, жұмыс тобының құрамына мүше болдым. Оның бірі – Салық Кодексін қайта қарап жатырмыз. Ауыл шаруашылығының бүгінгі жағдайы мүшкіл. Ауыл шаруашылығын салықтан түгел босату керек деген талап қойып отырмыз. Мал бағып, егін егем деген ниеті бар адамның саны жылдан жылға кеміп бара жатыр. Ауылға жағдай жасау керек. 2024 жылдың басында 6295 ауыл бар еді. Жыл соңында 114 ауыл картадан жойылды. Бар ауылды сақтап қалуымыз керек. Ауыл шаруашылығы мен ауыл екеуі егіз ұғым, екеуінің мәселесін бөліп-жарып қарауға болмайды, - деді Жигули Дайрабаев.
Өңірдің ауыл шаруашылығы саласында кәсіп жүргізіп отырған азаматтар жиында базынасын жеткізді. Олар субсидия, ветеринария саласындағы қиындықтар мен жем-шөп тасымалының мәселесін көтерді.
- Субсидия – қолдау болса, шаруаларды салықтан босату керек. Басқа облыстарда науқанның уақытында, мал төлдейтін мезгілде жанармай бөлінеді. Ал Маңғыстау облысында мұндай жоқ, жанармай берілу керек. Президент 2022 жылы Маңғыстау облысына келген сапарында мінбеде тұрып «Ауыл шаруашылық өнімін тасымалдау Маңғыстау өлкесіне ҚТЖ арқылы 70 пайызға жеңілдік берілсін» деп айтқан еді. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы тек 6 ай іске асты, алайда содан кейін тек қағаз жүзінде «орындалды». Менің өзім осы ҚТЖ тасымалынан айыппұл арқалап отырмын. Оралдан үш вагон шөп тапсырыс бердім. Соның тасымалына 700 мың теңгеден астам ақша сұрап отыр менен. Қазір менің бүкіл есепшотым бұғатта тұр. Шаруаларға жағдай жасаудың орнына, тығырыққа тіреп отыр, деді жаңаөзендік шаруа Нұрадин Табылдиев.
Шаруа қожалығын басқарып отырған Нұрадин Табылдиев жиын барысында 20-ға жуық мәселені көтерді. Маңғыстау облысы Атамекен кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев мәжіліс депутатына бұл мәселелердің біраз уақыттан бері айтылып келе жатқанын жеткізді. Сәйкесінше, министрліктерге арнайы хат жазылғанын айтты.
- Жаңаөзенге барғанымызда шаруалар «Маңғыстау облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту» туралы Мемлекеттік бағдарлама жасау туралы ұсыныс айтты. Мен де осы ұсынысты қолдаймын. Құдық қазуға қазір 50 пайыз субсидия беріліп жатыр. Су тапшылығын ескеріп, мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға 100 пайыз субсидия берілуі тиіс. Осы тұрғыда бірнеше рет министрліктерге хат жаздық. 2024 жылы Агроөнеркәсіптік кешен салалық кеңесінде ұңғымаларды бұрғылау, түйелерді бордақылауға субсидиялар, балық шаруашылығын дамыту, балық бағасын тұрақтандыру мәселелері қаралды. Барлық отырыстардың хаттамалары уәкілетті органдарға жолданды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің балық өнімдерін қайта өңдеуді субсидиялау қағидалары туралы бұйрығының жобасы талқыланып, орталыққа жіберілді. Нәтижесінде 2025 жылдың қаңтарында субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр деген жауап алынды, деді Рашит Тұранұлы.
Жигули Молдақалықұлы қатысушыларға көтерілген мәселелердің басым бөлігі Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының қарауында екенін және Парламентте осы бағытта жұмыс атқарып жатқанын айтты.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: