«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырауда салық қызметкерлері «WIPON CASHBACK» бағдарламасын пайдаланып, кәсіпкерлерді заңсыз тексерген

2023 жылғы 21 Ақпан
- Атырау облысы
12335 просмотров

Бұл туралы прокурорлар Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы барысында хабарлады.

Бұл мәселе бизнес субъектілері арасында кең резонанс тудырды, өйткені салық қызметкерлерінің тексеру қорытындысы бойынша мыңнан астам кәсіпкер сатып алушыларға фискалдық чек бермегені үшін жауапқа тартылды.
Атырау облысы бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл секторының меңгерушісі, өңірлік Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, бизнес субъектілерінен жаппай өтініш түсуіне байланысты Палата жағдайды анықтау мақсатында Мемлекеттік кірістер департаментіне хат жолдаған.

«Біз 2022 жылы Департамент «Азаматтық бақылау – Чек талап ет» акциясын өткізді, акция шеңберінде WIPON    CASHBACK қосымшасы арқылы тұрғындардан фискалдық чектерді бермегені үшін кәсіпкерлерге қатысты 1067 шағым түсті деп жауап алдық. Бұл ретте, азаматтар осындай тіркелген әрбір факт үшін бір мың теңге көлемінде сыйақы алған. Салық қызметкерлерінің тексеру қорытындысы бойынша 508 бизнес субъектісі жауапкершілікке тартылды, 429-ы ескерту алды, 79 кәсіпкерге айыппұл салынды. Бұл мәселені кәсіпкерлер Қазақстанның бизнес-омбудсмені Рустам Жүрсіновтың өңірге сапары барысында көтерген болатын. Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің іс-әрекеттері қаншалықты заңды екенін білу үшін біз прокуратураға жүгіндік өйткені бұл фактілердің қалай тіркелгені белгісіз. Біз салық қызметкерлерінің әрекеті заңсыз деген жауап алдық», - деді Сәрсенбай Жолдыбаев. 

Қадағалау органын тексеру кезінде тағы бір қызықты факт анықталды. Қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы WIPON CASHBACK қосымшасы арқылы кәсіпкерлердің бұзушылықтары туралы 51 рет өзі хабарлап, ол үшін 51 мың теңге көлемінде сыйақы алған екен.

«Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері 852 кәсіпкерге қатысты фискалдық чек бермегені үшін әкімшілік хаттама толтырып, олардың барлығы жауапкершілікке тартылды. Жүргізілген тексеру мемлекеттік қызметшілердің барлық әрекеттерінің заңсыз екенін көрсетті, өйткені олар жүргізген тексерулер Бас прокуратураның сайтында тіркелмеген. Сонымен қатар, бизнесті тексеруге мораторийді айналып өтіп, кәсіпкерлерді шақырып, түсініктеме алған, бұл да заңсыз деп саналады. WIPON CASHBACK қосымшасы арқылы келіп түскен өтініштерді талдау кезінде Департамент қызметкерлерінің бірі кәсіпкерлердің фискалдық чектерді бермегені туралы хабарламалары үшін 51 мың теңге көлемінде сыйақы алғаны анықталды. Бүгінгі күнге дейін 19 әкімшілік хаттама бойынша наразылық актілері енгізілді, сот шешімі бойынша МКД қызметкерлерінің әрекеттері заңсыз деп танылды. Қалған 833 хаттама бойынша наразылық актілері қазір дайындық сатысында. Жалпы, тексеру көрсеткендей, МКД қызметкерлері WIPON CASHBACK бағдарламасын бизнесті тексерудің заңсыз тәсілі ретінде пайдаланды», - деді облыстық прокуратура басқармасының прокуроры Бердібек Жолан.

Салық қызметкерлері әрекеттерінің заңсыздығын Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті басқармасының аға прокуроры Мәди Түгібаев та растады. Оның айтуынша, жоғарыда аталған фактілер кәсіпкерлердің құқықтарын өрескел бұзу болып саналады. Егер тексерулер статистика органдарында есепке алмай жүргізілсе, олардың қорытындысы бойынша шығарылған барлық шешімдердің күші жойылуға тиіс. Сондықтан, қазіргі уақытта ҚСжАЕЖК прокурорлары осы мәселе бойынша сот процестеріне үшінші тарап ретінде қатысады.

Салық қызметкерлері болса кәсіпкерлер көптеген жағдайларда өз кінәсін мойындады деп ақталуда.

«Бізге комитеттен WIPON CASHBACK қосымшасы бойынша жұмыс істеу туралы хат келіп түсті. Азаматтардың шағымы порталға түседі, жоғары тұрған департамент оларды тексереді және бізге жібереді. Біз бірден айыппұл салмаймыз, алдымен кәсіпкерлерді шақырып чек берілгенін немесе берілмегенін сұраймыз. Көбіне кәсіпкерлер чек бермегендерін растады, сондықтан біз хаттама ресімдедік. Қазір бұл мәселе біздің облыста ғана талқыланып жатқан жоқ, комитеттен әрі қарай не істеу керектігі туралы жауап күтіп отырмыз. Қазір қосымшаның жұмысы тоқтатылды, өтініштер қабылданбайды», - деді қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Азамат Мәдалиев. 

Сонымен қатар, «Үй жанындағы дүкендер» бірлестігінің өкілі Ләззат Досмағанбетова кәсіпкерлер өздерінің бақылау-кассалық аппаратын микробағдарламаға тапсырған кезде салық қызметкерлері кәсіпкерлерді тексеруге шықты дейді. Яғни кәсіпкерлер дәл осы күндері сатып алушыларға чек бере алмағанын атап өтті. Сондай-ақ, кәсіпкер Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері бизнес субъектілері фискалдық чектерді беруден бас тартқанын дәлелдейтін фото және бейне материалдарды ұсынбайтынына наразылық білдірді. Оның айтуынша, қосымша кез-келген адам, тіпті дүкеннің сыртын суретке түсіріп, кәсіпкерге шағым жібере алатындай етіп жасалған.

Кеңеске қатысушыларда Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлеріне қоятын біршама сұрақ бар. Отырысты облыс прокурорының бірінші орынбасары Бекжан Ермұханбетұлы қорытындылап, қадағалау органының тексеруі аяқталғаннан кейін мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетінін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер