«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырауда өңірлік кәсіпкерлер палатасы 124 млн теңгеден астам сомаға бизнестің мүліктік құқығын қорғады

2023 жылғы 24 Қаңтар
- Атырау облысы
7926 просмотров

Бұл туралы Атырау облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев 2022 жылдың қорытындысы бойынша өңірлік кеңестің отырысында мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғау өңірлік кәсіпкерлер палатасы қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Өткен жылдың 12 айында 301 өтініш қаралды, оның 118-і бизнесті қорғау желісі бойынша. 54 өтініш бойынша жүргізілген жұмыстың қорытындысы кәсіпкерлердің пайдасына шешілді, тағы 10 өтініш қаралу үстінде.

 «Өтінімдердің құрылымы бойынша: 16%-ы – сәулет, құрылыс және қала құрылысы мәселелері бойынша, 14%-ы –  жер қатынастары мәселелері, 13%-ы – экономика, қаржы, мемлекеттік сатып алу, 12% – салық және өзге де мәселелер бойынша. Өткен жылы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің 9 отырысы өткізілді. Оның барысында жүйелі сипаттағы 22 мәселе қаралды, оның 14-і бизнестің пайдасына шешілді. Палатаның бастамасы бойынша 3 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Нұрлан Сүйінбаев.

Өткен жылы кәсіпкерлер палатасы бизнесті сервистік қолдау шеңберінде 4 бағытта 840 қызмет көрсетті: бухгалтерлік және салықтық есепке алуды жүргізуге, сондай-ақ статистикалық есептілікті жасауға байланысты қызметтер; заң мәселелері және конкурстық (тендерлік) рәсімдер бойынша қызметтер; қаржыландыру және мемлекеттік қолдау шараларын алу мәселелері бойынша қызметтер; маркетинг мәселелері бойынша қызметтер. Сондай-ақ, аудандық Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында ақпараттық қамтамасыз ету бойынша консультанттар 2022 жылы 1812 клиентке мемлекеттік бағдарламаларға қатысты 5 мыңнан астам консультация берді. Сонымен қатар, КҚКО маркетологтары 267 бизнес-жоспар әзірледі, оның ішінде 900 млн теңге сомасына 75 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 150-ге жуық жұмыс орны құрылды.

«Атырау Атамекен Бизнес Қолдау» МҚҰ қызметінің қорытындысы бойынша өткен жылдың соңына қарай 668,2 млн теңге игерілді. Бұл қаражат «Бастау Бизнес» бағдарламасы түлектерінің жобаларын қаржыландыруға бағытталды. Қаржыландырылған жобалардың ең көп саны Атырау қаласына (412,6 млн.теңге сомасына 26 несие) және Жылыой ауданына (177,3 млн. теңгеге 17 несие) тиесілі. 2023 жылы Аграрлық несие корпорациясы арқылы 200 млн теңге көлемінде қаржыландыру ашу жоспарланған. Бүгінгі таңда аудандар бойынша өтінімдер пулы жиналды. Қаржыландыруды осы жылдың бірінші тоқсанында бастау жоспарланған», - деді Нұрлан Сүйінбаев.

 Өңірлік палата директоры Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының жұмысына жеке тоқталды. Орталық былтыр наурызда ашылған. Бүгінгі таңда мұнда 505 әйел тіркелген, олар 1700-ден астам кеңес алған.

Сондай-ақ, 325 әйел Астана, Ақтөбе, Алматы қалаларында республикалық деңгейде онлайн-оқытудан өтіп, арнайы сертификаттар алды. 50 әйел салалық мамандықтар бойынша оқытылды, 12 әйел тәлімгерлік сабақтарын алды. 10 Әйел кәсіпкер жұмыс істеп тұрған бизнестің тиімділігін анықтау үшін бағалау жүргізді.

Баяндамасын аяқтай отырып, Нұрлан Сүйінбаев кәсіпкерлер палатасының негізгі бағыттары бойынша белсенді жұмыс биыл жалғасатынын атап өтті. Бұдан басқа, жергілікті бизнес мәселелерін тиімді шешу мақсатында ҰКП трансформациясы шеңберінде Палата жанынан құрылған салалық комитеттердің қызметіне назар аудару жоспарланған.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер