«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атыраулық кәсіпкерлер бизнес-омбудсменнен қордаланған мәселелерді шешуге ықпал етуін өтінді

2022 жылғы 07 Желтоқсан
- Атырау облысы
7558 просмотров

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов пен «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров өңірге жұмыс сапарымен келді. Олар облыс басшылығымен және құқық қорғау органдарымен кездесіп, кәсіпкерлерді жеке қабылдады.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен жеке қабылдау барысында бизнес субъектілері бірқатар проблемаларды атап өтті. Атап айтқанда, «Атырау қаласының жолаушылар тасымалы қауымдастығынан» өтініш келіп түсті, оның өкілдері азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдікпен жол жүру құқығын ұсынғаны үшін өтемақы төлеу мәселесін шешуге көмек сұрады.

«Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» Заңға сәйкес жергілікті және атқарушы органдар өкілдерінің шешімі бойынша тасымалдаушылар жолаушылардың жекелеген санаттарын тегін тасымалдауды жүзеге асыруға немесе оларға жол ақысын төлеу бойынша өзге де жеңілдіктер беруге міндетті. Адамдардың жекелеген санаттарына тегін жол жүру құқығын қоса алғанда, көлік қызметтеріне жеңілдіктер белгіленген кезде қаржыландыру көзі айқындалады және атқарушы органдар тасымалдаушылармен шарт жасасады. 

«Бүгінде жалпыға бірдей белгіленгендерден басқа, біз азаматтардың қосымша екі санаты бойынша жеңілдікпен жол жүруді жүзеге асырамыз. Бұл ретте бірде-бір құжат тиісті нормативтік-құқықтық актімен бекітілмеген, жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын компаниялармен ауызша уағдаластық бар. Осы себепті, бүгінгі күнге дейін біз ешқандай өтемақы ала алмадық және осы қызметтерді көрсету арқылы шығындарды көтеріп отырмыз. 2019-2022 жылдары көрсетілген қызметтердің жалпы құны 1,3 млрд. теңгеден асты, оның ішінде өтемақы сомасы 785 млн. теңгеден асты», - деді «Атырау қаласының жолаушылар тасымалы қауымдастығы» Атқарушылық іс жүргізу органдары және заңды тұлғалар (АІОжЗТ) басшысы Жасұлан Бисенов. 

Тасымалдаушылар бірнеше рет Атырау қаласының әкімдігіне жолаушылардың жекелеген санатын тасымалдау бойынша нормативтік-құқықтық актіні қабылдау немесе оларға қаржыландыру көзін айқындай отырып, жол ақысын төлеу бойынша өзге де жеңілдіктер беру қажеттілігін айтып жүгінген болатын. Сондай-ақ, осы мәселе бойынша Атырау қаласының прокуратурасы Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізді. Палата өз кезегінде прокуратураға жоғарыда аталған мәселе бойынша өз ұстанымын сараптамалық қорытынды түрінде жолдады.

Қалалық мәслихаттың «Атырау қаласы азаматтарының жекелеген санаттарына қалалық және қала маңындағы қоғамдық көліктерде (таксиден басқа) жол жүру жеңілдіктерін белгілеу туралы» қаулысының жобасы биыл ғана қабылданды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тасымалдаушыларға субсидия беру туралы шешім шығарды. Әзірге тасымалдаушылар ешқандай төлем алған жоқ, сондықтан мәселе ашық күйінде қалып отыр. 

«Мен кеше облыс әкімімен кездесіп, осы мәселені айттым. Оның айтуынша, субсидиялау бойынша еш қиындық жоқ. Ал өтемақы мәселесін шешу үшін біраз уақыт керек екен. Жергілікті жерлердегі әріптестерімнен осы мәселені шешуге қосылуын сұрар едім, өйткені бұл әлеуметтік мәні бар мәселе», - деп атап өтті бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов. 

Бизнес-омбудсменмен кездесу барысында айтылған тағы бір проблемалық мәселе - облыстың бірқатар кредиттік серіктестіктерінің «Атырау «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ алдындағы берешегі. 

Кредиттік серіктестіктерге кірген және ортақ жауапкершілікпен кредит алған облыс тұрғындары өзге әріптестердің қарыз төлемеуіне байланысты туындаған проблемаға тап болған сәттен бастап тоғыз жыл өтті, бұл олардың еңбек және кәсіпкерлік қызметіне кері әсерін тигізіп отыр. Көптеген ауыл кәсіпкерлері бірлескен қарыз алушылар қатарына кіріп, кредит серіктестігі бойынша серіктестерінің төленбеген несиелік міндеттемелері үшін толық жауап беретін жағдайдың құрбаны болды. 

Бірнеше жыл болды олардың ешқайсысы өздерінің кәсіпкерлік қызметін жалғастыра алмай отыр, өйткені сот орындаушылары олардың шоттарына тыйым салды, мемлекеттік кірістер органдарында тіркеуге тыйым салынды, банктерден несие ала алмайды, елден шыға алмайды, тіпті кез-келген нотариаттық мәмілелер жасауға да тыйым салынды.

Кәсіпкерлер өз қарызын уақтылы төлеп отырған тұлғаларды ортақ жауапкершіліктен босатуға жәрдем көрсетуді және Шарт талаптарын бұзған жауапкерлерден қалған берешекті өндіріп алуды сұрайды.

«Бұл мәселені облыс әкімімен талқыладық, түбегейлі шешім мынадай: кредиттік серіктестіктің адал қатысушылары, яғни уақтылы төлем жасап отырғандар, жауапкершіліктен босатылады. Мәселені шешудің екі нұсқасы бар: біріншісі – ӘКК-мен келісім жасасу, екіншісі - сот арқылы. Дәл осындай жағдай Шығыс Қазақстан облысында да орын алған еді. Оңтайлы шешімді табыңыздар, кеше әкім бұл мәселені шешуге көмектесемін деп уәде берді», - деді Рустам Жүрсінов.   

Қабылдау барысында кәсіпкерлерден мемлекеттік органдар тарапынан орын алатын заңсыз тексеру және негізсіз қылмыстық қудалау жөнінде көптеген өтініш келіп түсті. 
Мысалы, «Сенімді Құрылыс» ЖШС өкілдері бизнес-омбудсменге қылмыстық қудалау органдарының әрекеті нәтижесінде өздерінің қылмыстық сот ісін жүргізуге негізсіз тартылғанын айтып шағымданды. 

Атап айтқанда, ағымдағы жылдың жазында «Теңізшевройл» ЖШС 3-ші буын зауытында су сынағынан кейін құбырды кептіру рәсімін жүргізу кезінде фланецті қосылыстың үзілуі орын алды. Нәтижесінде «Сенімді Құрылыс» ЖШС-нің 2 жұмысшысы қаза тауып, тағы 2 жұмысшысы жарақат алды. 

Көптеген тергеу жүргізілді, нәтижесінде қайғылы жағдайдың орын алуына қызметкерлердің өздері себеп болған деп тапты, өйткені олар қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзғаны анықталды, қылмыстық қудалау органдары компания өкілдерін негізсіз қылмыстық жауапкершілікке тарту әрекеттерін жалғастыруда.

«Мен Атырау облысындағы өкіліме осы мәселені облыстық прокуратура өкілдерімен бірлесіп пысықтауды тапсырамын. Жұма күні Бас прокуратураға жолдама жобасын дайындап, енгізіңіздер», - деп тапсырды Рустам Жүрсінов.   

Аталған бірқатар мәселелер бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Атырау облысының кәсіпкерлер палатасына тиісті тапсырмалар берді. Республикалық деңгейде шешуді талап ететін мәселелердің бір бөлігі «Атамекен» ҰКП-на жіберілетін болады.

Жергілікті бизнестің проблемалық мәселелері Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов пен «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміровтің облыс басшылығымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментімен, облыстық прокуратурамен және облыстық сотпен кездесулерінде талқыланды. 

Жалпы, Қазақстанның бизнес-омбудсмені Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қадағалау және құқық қорғау органдарымен бизнес құқықтарын қорғау жөніндегі бірлескен жұмысына оң баға берді. Қорытындылай келе, облыста «Бизнесті қорғау және тартымды бизнес-ахуалды қалыптастыру экожүйесі» жобасы шеңберінде іс-шаралар жалғастырылатынын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер