«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырауда кәсіпкерлерге қатысты тоқтатылған қылмыстық істер бойынша талдау жүргізіледі

2022 жылғы 23 Тамыз
- Атырау облысы
9712 просмотров

Мұндай тапсырма облыстық прокуратура жанынан құрылған ведомствоаралық жұмыс тобының бірінші отырысында айтылды, аталмыш жұмыс тобы бизнесті қылмыстық қудалауға заңсыз тартудың және рейдерліктің алдын алу мақсатында құрылды.  

Кеңесті ашқан Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов ҚР Президентінің кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы орта құру, құқық қорғау және бақылаушы мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен кәсіпкерліктің мүддесін қорғау жөніндегі тапсырмасына баса назар аударды. Қадағалау органының басшысы ведомствоаралық жұмыс тобының жұмысын жеке бақылайтынын және тоқсан сайын оның жұмысына баға беретінін атап өтті.

«Облыс прокуратурасы жүргізіліп жатқан 20 қылмыстық істі тоқтатты. Негізсіз әрекеттердің барлық фактілері бойынша лауазымды тұлғаларға қатысты шаралар қабылданды, қазіргі уақытта барлық қылмыстық істер облыс прокурорының санкциясымен қозғалуда, бұл қылмыстық істер санының күрт қысқаруына әкелді», - деп хабарлады облыс прокурорының орынбасары Абзал Гилим.

Тінту жүргізу және заттай дәлелдемелерді алу кезінде процестік нормаларды бұзу фактілерінің болуы туралы адвокат Айдос Ибраимов айтып берді. Оның айтуынша, кәсіпкердің кінәлі екені дәлелденбей жатып, барлық ұйымдастыру техникасын, құжаттаманы жиі алып қояды, нәтижесінде кәсіпкер өз жұмысын жалғастыра алмайды.

«Сондай-ақ, көбіне алып қойылған заттай дәлелдемелердің егжей-тегжейлі тізімдемесі жасалмайды, нәтижесінде тергеу үшін маңызы бар құжаттардың жоғалу фактілері де орын алады. Іске қатысы жоқ құжаттар алынады. Мұндай жағдайларда лауазымды тұлғалардың әрекеттерін реттейтін нормаларды нақты реттеу қажет. Адвокаттар сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелу сатысында қатыспайды, сондықтан кәсіпкерлерге қатысты көптеген тергеуге дейінгі іс-әрекеттер біздің қатысуымызсыз жүргізіледі», - деп атап өтті Айдос Ибраимов.

Талқыланған тақырып бойынша практикалық жұмыс туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының орынбасары Данияр Акуан хабарлады. Ол заттай айғақтарды бекіту мәселелерінде проблемалар бар екенін мойындады. Полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Көшқалиев кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий кезеңінде көші-қон бақылауын жүзеге асыруда проблемалар бар екенін айтты. Оның пікірінше, жеке кәсіпкерлер мен микробизнес үшін жұмыс визаларын беруді жеңілдету қажет.

Отырыс қорытындысы бойынша облыс прокуроры ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелеріне қысқартылған қылмыстық істер бойынша талдау жүргізу, оларды тоқтатудың негіздемесіне назар аудару, қажет болған жағдайда ҚР материалдық және іс жүргізу құқығының нормаларына өзгерістер енгізу, тергеу барысында жіберілген бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылған лауазымды адамдар бойынша анықтама жасау тапсырылды. Ведомствоаралық жұмыс тобының хатшылығына кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жүргізілген тексерулердің саны мен қорытындылары туралы сұрау салуды жіберу тапсырылды.

Кеңесте ведомствоаралық жұмыс тобы төрағасының орынбасары болып Атырау облысы бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің сектор меңгерушісі, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев сайланды. Ведомствоаралық жұмыс тобының отырыстары айына екі рет ұйымдастырылатын болды. Тоқсан сайынғы отырыс Атырау облысы прокурорының қатысуымен өтеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер