«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырауда ауыл кәсіпкерлері Конституцияға түзетулерді қолдайды

2022 жылғы 31 Мамыр
- Атырау облысы
11916 просмотров

Жылыой ауданында бизнес арасында конституциялық реформаның негізгі аспектілерін түсіндіру бойынша кездесулер белсенді түрде өтіп жатыр.

Үгіт-насихат тобының мүшелері барған нысандардың қатарында Құлсары қаласындағы «Қайсар» жеке кәсіпкерлігі полифасад өндіру цехы да болды. Кәсіпкер Саламат Қайрақов кәсіпорынның негізін өткен жылы қалаған, бүгінде мұнда 15 адам жұмыспен қамтылған. Нысанның орташа өндірістік қуаты айына 10 мың шаршы метрге дейін жетеді. Кәсіпкердің жоспарында – өндірісті кеңейту. Саламат Қайрақовтың пікірінше, конституциялық түзетулер елдің, оның ішінде кәсіпкерлік саланың дамуына оң әсерін тигізеді.

 «Біз заманға сай ілгерілеуіміз керек. Конституцияға өзгерістер енгізу қажеттілігі – заңды процесс. Мен алдағы референдумның өтуін қолдаймын және жерлестерімді оған белсенді қатысуға шақырамын», – деп атап өтті кәсіпкер.

Үгіт-насихат тобы «Технодом» тұрмыстық техника дүкенінің ұжымымен де кездесті. Ауданда екі жыл бұрын ірі сауда желісінің филиалы ашылды. Қазір кәсіпорында жергілікті тұрғындар арасынан 10 адам жұмыс істейді. Кездесу барысында конституциялық түзетулерді түсіндіру жөніндегі топ мүшелері 5 маусымда өтетін республикалық референдумның маңызына назар аударып, қатысушыларды оған қатысуға және ел болашағының пайдасына таңдау жасауға шақырды.

«Конституцияның 33 бабына түзету енгізілмек, демек, Ата заңның үштен бір бөлігі жаңарады. Ата заңды жаңарту елдің жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға көшуін білдіреді. Бұл өзгерістер Президенттің жаңа Қазақстанды құру бағытына деген берік ұстанымын көрсетеді. Ең маңызды өзгерістердің бірі — Президенттің өкілеттіктерін едәуір қысқарту және Парламент рөлін күшейту. Бұл реформалар жаңа Қазақстанның құрылысына бағытталған, сондықтан біздің әрқайсымыз осы маңызды процестің бір бөлігі болуға тиіспіз», – деді Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының Жылыой ауданы бойынша филиалының директоры Ерлан Нұрланов.

 Кездесу соңында қатысушылар дауыс беру процесіне қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Олардың пікірінше, Конституцияға енгізілетін түзетулер мемлекеттің ілгері дамуы үшін қажет шара, сондықтан әркімнің алдағы референдумға қатысуы маңызды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер