«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырауда «Бастау» жобасы ауыл тұрғынына хоббиін табысты бизнеске айналдыруға көмектесті

2021 жылғы 07 Шілде
- Атырау облысы
11158 просмотров

«Бастау» жобасы арқылы алынған мемлекеттік грантқа Исатай ауданының тұрғыны қажетті жабдық сатып алып, тігін цехын ашты.

Үш баланың анасы Тоғжан Мақсот бір-екі жыл бұрын декреттік демалыс кезінде тігіншілікпен әуестенді. Онлайн курспен оқуға қатысты. Бастапқыда өз отбасы мен туған-туысқа арнап үй қажетіндегі заттарды тігіп жүрді. Уақыт өте келе сыртан тапсырыстар түсе бастады. Осы кезде келіншек бұл ермекті кәсіпке айналдыру туралы ойлана бастайды. Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының Исатай ауданы бойынша аудандық филиалына жүгінген Тоғжан Мақсотқа кеңесшілер «Бастау» жобасы туралы ақпарат берді. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту аяқталғаннан кейін жас ана өзінің бизнес жоспарын сәтті қорғап, 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грантты жеңіп алды.

«Грант қаражатына 2 тігін машинасын сатып алдым, бірін – тігуге алсам, екіншісін – ұлттық ою-өрнекті кестелеу үшін алдым. Қазіргі кезде ұлттық нақышта бұйым, соның ішінде – көрпе, жастық, перде, тысқап тігуге тапсырыс қабылдаймын. Тапсырыс жетерлік, сондықтан өндірісті кеңейту жоспарымда. «Бастау» сияқты бағдарламалардың бары қуантады, олар жас аналарға кәсіппен айналысып, табыс табуға көмектеседі», – деп атап өтті Тоғжан Мақсот.

 «Бастау» түлектері арасында тігіншілік кең тараған бағыт. Жоба арқылы жұмыссыз әйелдер, көп балалы аналар, бала күтімі бойынша үйде отырған жас аналар ақша табуға мүмкіндік алады.

Айта кетейік, биыл «Бастау» жобасы аясында Атырау облысында 1000 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Олардың 600-ге жуығы оқуды аяқтады. Өз бизнес-жобаларын қорғап, 107 түлек мемлекеттік грантқа ие болды, 9 адам өз ісін ашуға жеңілдетілген несие алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер