«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырауда тұрақтандыру қоры ұсынған дәрі-дәрмектердің бағасы қымбат

2021 жылғы 07 Маусым
- Атырау облысы
9272 просмотров

Дәріханалардың өкілдері тұрақтандыру қорынан қарастырылған дәрі-дәрмектердің қамбат тұратынына наразылық білдірді

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасында өткен дөңгелек үстел барысында дәрілік препараттардың шекті бағалары, сауда үстеме бағаларын реттеу, сондай-ақ дәрілік заттардың аса маңызды түрлері бағаларына қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Іс-шараға қалалық мәслихаттың депутаттары, фармацевтикалық бизнес өкілдері, мемлекеттік және қадағалау органдар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Былтыр облыста эпидемиологиялық ахуалға байланысты ковидке қарсы препараттардың тапшылығы бойынша төтенше жағдай орын алғаны жиын барысында айтылды. Өңір тұрғындары қажетті препараттарды жергілікті дәрханалардан өз бетінше іздеп, ұзын-сонар кезекті тұруға мәжбүр болып, індеттің таралу қауіпін жоғарылатты. Қолданыста болмаған дәрі-дәрмектерді тұрғындар басқа өңірлерден тапсырыспен алдыртты.

Осындай ситуацияны болдыртпау мақсатында жергілікті билік облыста дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қорын құру туралы шешім қабылдады. «Атырау» ӘКК медициналық препараттарды сатып алу үшін «INKAR» ЖШС филиалына 500 млн теңге көлемінде несие бөлді. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қарамағында Атырау қаласы бойынша дәрілік заттарды сақтауға арналған қоймалары бар. Алайда, қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің облыста ковидке қарсы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырылған жұмыс деңгейіне көңілі толмайды.

 «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп, біз жергілікті дәріханалардағы ковидке қарсы дәрі-дәрмектердің бағасына мониторинг жүргіздік. Тұтастай алғанда, дәріханалар белгіленген шекті бағаларды ұстанып отыр.  Алайда, олардың көбі «INKAR» филиалынан, яғни тұрақтандыру қорынан дәрі-дәрмек сатып алмайтынын айтты, өйткені қор ұсынған бағалар басқа жеткізушілер ұсынған бағадан әлде қайда жоғары. Сонымен қатар дәрілік заттарды жеткізу мерзімі де ұзақ. Ендеше тұрақтандыру қорының артықшылығы қандай? Бірқатар дәріханада ковидке қарсы дәрілік заттар жоқ, баға және қол жетімді ковидке қарсы дәрілердің тізімін көрсететін ақпараттық тақта қойылмаған. Біз осы сұрақтардың барлығын фармацевтикалық бақылау департаментіне, «INKAR» ЖШС филиалына жолдадық, бірақ тиісті жауап ала алмай келеміз», – деді өз сөзінде қалалық мәслихаттың депутаты Гүлзейнеп Дүсіпова.

«Атырау» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары  Амантай Айтбаев, өз кезегінде, «INKAR» ЖШС филиалымен жасалған келісімшарт мерзімі осы жылдың 1 шілдесінде аяқталатынын айтты. Қазіргі кезде серіктестік 200 млн теңгені қайтарған.

 «Қазір біз «INKAR» ЖШС-мен келісімшартты ұзартту мәселесін шешіп жатырмыз. Әзірге мәселе шешілмеді. Қалған 300 млн теңге қарызды өтеу үшін серіктестік тұрақтандыру қорынан дәрілік заттарды сатады. Сондықтан оларда препараттардың кейбір түрлері жетіспейді. Қор ерекше жағдайға құрылған әрі оны ковидке қарсы препараттардың болмауы жағдайында қолданар еді. Бірақ мұндай жағдай бізде орын алған жоқ. Дәрі-дәрмек қажетті көлемде ауруханалардың бәрінде бар», – деп хабарлады Амантай Айтбаев.

Қалалық мәслихат депутаттары мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері «INKAR» ЖШС филиалымен шарт жасау кезінде коронавирусқа қарсы препараттарға шекті бағалардың белгіленбеуі дұрыс емес деп санайды. Сондай-ақ олар ӘКК бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізілмейтініне наразылық білдірді. Талқылау қорытындысы бойынша «ІNKAR» ЖШС филиалының басшылығына айтылған ескертулерді назарға алу, дәріханаларға – нысандарда ковидке қарсы препараттарға шекті бағаларды және олардың бар-жоғы туралы мәлеметтерді орналастыру ұсынылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер