«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Пандус мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергі келтірген

2019 жылғы 15 Наурыз
- Атырау облысы
6493 просмотров

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасына кәсіпкер өзінің кәсіпорны алдында орнатылған пандусқа шағымданып келді. Аталмыш пандус мүмкіндіктері шектеулі жандардың қимылына көмек емес, кедергі келтіріп отыр 

Жеке кәсіпкер Амантай Иманғалиевке тиесілі кәсіпорын бүгінде Атырау облысында ортопедиялық аяқ киімді өндіру, жөндеу және қалпына келтіру бойынша жалғыз қызмет көрсетіп отырған кәсіпорын. Бизнесменнің негізгі клиенттері мүмкіндігі шектеулі азаматтар, соның ішінде – арбаға танылған мүгедектер. Алайда соңғы кезде олар әлеуметтік маңызды объектіге бара алмай жүр.

«Бұрын инватакси мүмкіндігі шектеулі азаматтарды кәсіпорнымыздың тура кіреберісіне әкелетін. Алайда, қазір машина тұрмақ, адамдардың бізге келуі қиындаған. Өйткені, былтыр №2 Орталық қалалық кітапхана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, оның барысында ғимарат алдына саты мен пандус орнатылды. Орнатылған пандус біздің кәсіпорынға баратын жалғыз кірме жолды жауып қалды. Бұл орнатпа сонымен қатар өндірістік қажеттілікке керек шикізат пен материалдарды жеткізу кезінде де кедергі келтіреді. Демек, мүмкіндігі шектеулі жандардың  кәдесіне асуы керек пандус шын мәнінде оларға қосымша кедергі келтіріп жатыр», – деді кәсіпорын жетекшісі Амантай Иманғалиев.

Бизнесменнің айтуынша, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасына өтініш бермей тұрып, ол барлық жауапты органдарға хаттар жолдаған, алайда нәтиже болған жоқ. Палатаға ғана өтінімге жауап берді.

 «Өңірлік кәсіпкерлер палатасының құқықтық бөлімі кәсіпкер Амантай Иманғалиевтің арызы бойынша жан-жақты талдау жүргізді, талдау нәтижесінде жер заңнамасы нормаларын бұзу және кәсіпкердің құқығын шектеу фактілері анықталды. Осыған байланысты Палата қызметкерлері Атырау облысы Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына хат жолдады. Басқармадан келген жауапта: «№2 Орталық қалалық кітапхана» мемлекеттік мекемесі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 136-бабы бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны» хабарланды. Сонымен қатар жер заңнамасы нормаларын бұзушылықтарды алып тастау бойынша жазбаша ұйығарым берілді», – деп хабарлады Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Құралай Жұбанова.

 Кәсіпкер қалалық кітапхана жуық арада ыңғайсыз пандусты алып тастап, мүмкіндігі шектеулі жандар бұрынғыша кәсіпорынға оңай кіріп-шыға алып жүреді деген үмітте. Кәсіпкер Өңірлік кәсіпкерлер палатасына алғыс хат жолдады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер