«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырау кәсіпкерлеріне студенттік жатақханаларды салу ұсынылды

2018 жылғы 13 Желтоқсан
- Атырау облысы
6271 просмотров

1450 атыраулық студент жатақханадан орын алу кезегінде тұр, қазіргі таңда бұл республикада  жатақханаға қажеттілік бойынша ең төмен көрсеткіш

 Мемлекет басшысының «Студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту»  үшінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру механизмдері туралы ҚР Білім және ғылым минситрлігінің Қаржы орталығы мамандары Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында ұйымдастырылған кездесу барысында айтты.

Айта кетелік, студенттерді жатақханамен қамту бойынша бастаманың операторы болып Қаржы орталығы бекітілді. Әзірленген механизмдерге сәйкес, жоғары оқу орны, колледж немесе жеке кәсіпкер аталған бағдарлама шеңберінде студенттік жатақхана салып, нысанды пайдалануға бергеннен кейін өтемақы алып отырады.  2019 жылдан бастап, 2022 жылға дейін студенттер, магистранттар мен докторанттарға арнап, ең кемі 75 мың жатын орынды пайдалауға беру жоспарланған.

 «Жаңа ғимаратты салу кезінде пайдалануға берілген әр жатын орын үшін 122 АЕК мөлшерінде өтемақы қарастырылған. Ал егер бұрын салынған ғимартқа реконструкция жасалған болса, әр жатын орынға 47 АЕК төлем жасау қарастырылған. Айта кетелік, жатын орынға төленетін 122 АЕК пен 47 АЕК – бір жыл ішінде төленетін өтемақы. Қаржы орталығы тарапынан төлемдер 8 жыл бойына жасалады. Мәселен, 500 орынға арналған жатақхананы салу 2019 жылы басталды делік, оны пайдалануға 2020 жылы береді. 2020 жылға белгіленген АЕК көлемі 2613 теңге екенін ескерсек, оны 500 орынға көбейтеміз, демек, жылына 159 млн теңге төленіп отырады. Сегіз жыл ішінде төлемдер мөлшері 1 млрд 280 млн теңгені құрайтын болады, яғни мүлік иесінің 80-100 пайыз шығына өтеледі», – деп түсіндірді «Қаржы орталығы» АҚ Студенттік жатақханаларға операторлық жүргізу департаментінің менеджері Алпамыс Сатыбалдин. 

Бағдарламаға қатысу үшін  қаржы орталығына өтінім жасау керек. Өтінім беруші өтініш жазып, екі тарап арасында алдын ала келісімшарт жасалады. Кейін мемлекеттік сатып алулар порталында мемлекеттік сатып алу келісімшартының өзі жасалады.    

«Қазіргі таңда республика бойынша Алматы, Шымкент қалалары, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарында жалпы 1 1514 орынға 4 жатақхана пайдалануға берілді. Атырауда – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы жатақханаға реконструкциялау жұмыстары жүргізілді», – деді Алпамыс Сатыбалдин. 

 Кездесу соңында қатысушылар жатақханалар ғимараттарының техникалық сипаттамаларына қатысты сұрақтарға жауаптар алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер