«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мемлекеттік бағдарламаларда жаңашылдықтар бар

2018 жылғы 24 Сәуір
- Атырау облысы
6915 просмотров

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы  біліктілік сабақтарын Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары қызметкерлеріне арнап өткізді.

 «ҚазАгроҚаржы» АҚ биылдан бастап отандық ауылшаруашылық өндірушілерін қолдауға арналған жаңа екі бағдарламаны іске қосты. Бұл жаңашылдықтар және басқа да өзгерістер туралы Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары қызметкерлеріне арнайы курс барысында хабарланды.

Іс-шараға дәріс оқуға «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры», «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроКепілдік», «ҚазАгроҚаржы» орталықтарының филиалдары мен Атырау облысы ауыл шаруашылығы өкілдері шақырылды. Курсқа облыстың барлық аудандарынан тыңдаушылар келді.

«Биылдан бастап «ҚазАгроҚаржы» өз клиенттеріне арнап «Сенімді фермер» және «Өзіміздің жем-шөп» атты жаңа бағдарламаларды іске қосты. «Сенімді фермер» бағдарламасы бойынша «ҚазАгроҚаржы» сенімді клиенттері ауыл шаруашылығы техникасын лизингке бастапқы төлемсіз-ақ ала алады. Ол үшін тұтынушылар сенімді қарыз алушы критерийлеріне сай келулері керек, яғни олардың акционерлік қоғамдағы жақсы несиелік тарихы, несие бойынша қарызы, қаржыны мақсатты жұмсамау бойынша фактілері болмауы шарт. Аталған бағдарлама бойынша техниканы лизингке қордың қазіргі және бұрынғы клиенттері ала алады. Осылайша «ҚазАгроҚаржы» өз клиенттеріне жеңілдік жасап, қолдау көрсетпек. «Өзіміздің жем-шөп» бағдарламасы бойынша отандық фермерлер жем-жөп жинайтын техниканы 10 жылға несиеге ала алады, осы ретте аванстық төлеу сомасы қысқарып, 10%-ды құрап отыр», – деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ директорының орынбасары Жанар Исмаилова. 

Басқа қатысушылар да мемлекеттік бағдарламаларға енгізілген өзгертулер туралы айтып берді. Аудандағы Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтарының менеджерлері өздеріне қызықты сұрақтар қойып, мамандардан жауаптар алды.

 «Тұтынушыларға талаптарды оңтайландыру мақсатында мемлекеттік бағдарламаларға жыл сайын өзгертулер енгізіледі. Бүгін көп пайдалы ақпарат алдық. Бұл мәліметтерді кәсіпкерлерге қолдау көрсеткенде қолданатын боламыз», – деді Атырау облысы ӨКП Құрманғазы ауданындағы филиалының менеджері Лейла Сүйінішева.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер