«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер аудан әкімімен ашық әңгімелесті

2018 жылғы 16 Қаңтар
- Атырау облысы
7029 просмотров

Махамбет ауданының әкімі кәсіпкерлермен кездесті

Кәсіпкерлер ауыл шаруашылығына арналған жер учаскелерін алу, инженерлік коммуникация нысандарына қосылу, суды қамтамасыз ету секілді бірқатар маңызды мәселені Махамбет ауданының әкімі Сырым Рысқалиевпен «Ашық әңгіме» кездесуінде талқылады.

Бейресми форматта өткен іс-шарада әрбір қатысушы өзінің қажеттілігі жайында баяндап, алаңдатқан сауалына жауап алды.

Бейбарыс ауылының тұрғыны Ибрагим Лекер қаз өсірумен айналысып келеді. Өндірісті кеңейту үшін оған жер учаскесі керек. Ал кәсіпкер Қайыржан Жұмағалиев жылыжайға табиғи газ тарту мәселесін шешіп беруді сұрады.

«Жер учаскесін тиімді пайдалану мәселесі ерекше бақылауға алынған. Бүгінге дейін аудан бойынша мемлекеттің меншігіне 105 игерілмеген жер үлесі қайтарылды. Жер босқа жатпау керек. Әрбір елді мекенде бас жоспарға сәйкес ауыл шаруашылығына берілген жерлер анықталған. Кәсіпкерлердің аграрлық саладағы бастамасын қолдауға дайынмын, себебі бұл ­– Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Заң бойынша жерді аукцион арқылы ала аласыздар», – деп жауап қатты Махамбет ауданының әкімі Сырым Рысқалиев.

Аудан басшысы газ тарту мәселесіне қатысты пікір білдірді. Қазіргі таңда Махамбет ауданының 9 елдімекеніне инженерлік коммуникация тарту бойынша жобалық-сметалық құжатты әзірлеу жұмысы жүргізіліп келеді. Бұл жобада газ тарту да қарастырылған.

Махамбет ауданы ауыл шаруашылығына бағытталған. Оның аумағы өсімдік шаруашылығы мен мал өсіруге қолайлы екенін ескерген қала тұрғындары осы ауданнан жер учаскесін алып, агроөнеркәсіп кешені бағытында бизнес ашуға ынталы.

Олардың қатарында Атырау қаласының тұрғыны Роман Капаков та бар. Ол аудан әкімімен кездесуге арнайы келіп, өз бизнес-жобасы жайында баяндап, қолдау көрсетуді сұрады. Кәсіпкер жер телімін алған жағдайда еуропалық стандартқа сай жылыжай кешенін салып, егіндік пен мал шаруашылығына арналған ферманың жұмысын жетілдіруді қалайды.

Ал қала тұрғыны Жәрдем Хасанов жер мәселесі оң шешілсе, алманың «апорт» сортын өсіруді қолға алмақ.

«Көптен бері шаруа қожалығын құруды ойластырып келем. Өсімдік шаруашылығымен, атап айтқанда алманың «апорт» сортын өнеркәсіптік масштабта өсіруді қалаймын. Менің жұбайым осы саланың маманы. Өзіміздің кішігірім бақшада аздаған түсім аламыз, енді осының көлемін ұлғайтқымыз келеді», – деп түсіндірді кәсіпкер.

Кездесу барысында айтылған жобаларды аудан басшысы қолдады. Әкімдіктің жауапты тұлғаларына жобаларды жүзеге асыруға көмек беруді тапсырды.

Жергілікті шаруалар үшін маңызды мәселелердің бірі – жер мен мал суғару. Бұл мәселені жергілікті билік қолданыстағы арналарды қайта жасау арқылы шешуді қолға алған. Су шаруашылығы кәсіпорынының басшылығы ауыл шаурашылығымен айналысатын кәсіпкерлер уақытылы төлем жасаса, бірнеше арнаны іске қосуға қажетті жұмыстарды жүргізуге дайын.

Махамбет ауданының әкімі Сырым Рысқалиев іс-шараны қорытындылай келе, кәсіпкерлер көтерген мәселе назарға алынып, тиісті шаралар қабылданатынын айтты. Сондай-ақ аудан басшылығы осындай кездесулер тұрақты өткізілетінін де хабарлады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер