«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Әлеуметтік кәсіпкерлікке «Жарқыра» бағдарламасы көмек береді

2017 жылғы 11 Желтоқсан
- Атырау облысы
8828 просмотров

Атырауда биыл «Жарқыра» бағдарламасымен 7 әлеуметтік-кәсіпкерлік жобалары дамыды

Жобалар қатарында пластик қалдықты қайта өңдеу, түзеу мекемесінен шыққан әйелдерді оңалту, «Виртуоз» өнер мектебі, «Таңсәрі» балалардың мюзик-шоу театры мен мектебі, сондай-ақ бойжеткендер мен тұрмыстағы әйелдерді қолдауға арналған «Супер келін» жобасы», би мектебі мен фитнес-орталығы бар. Атырау қаласындағы 5 жобаға, Жылыой ауданындағы 2 жобаға «Жарқыра» бағдарламасымен 62 мың доллардан астам сома бөлінді. Жалпы алғанда Атыраулық мыңнан астам тұрғыны қамтылады.

Бағдарлама менеджері Айгүл Тағатованың айтуынша Орта Азияны дамыту қоры «Теңізшевройл» ЖШС қаржылай қолдауымен «Жарқыра» бағдарламасын жүзеге асырып отыр. Басты мақсат – Атырау қаласы мен Жылыой ауданында қоғамның әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерін тұрақты кәсіпкерлік шешіммен қамтамасыз ететін әлеуметтік инновациялық бастамаларды қолдау.

«Жарқыра» бағдарламасында жасына қарай шектеу қоймастан әлеуметтік кәсіпкерлерге толық қолдау көрсету қарастырылған. Бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Бірінші – іріктеу кезеңі, екінші кезеңде қатысушылар таныстыру семинары мен тренинтен, сондай-ақ тағылымнамадан өтеді, кеңес алып, соңында бизнес-жобаларын қорғайды. Оқытуға Алматы қаласынан біліктілігі жоғары жаттықтырушылар келеді. Үздік жобалардың авторлары қаржылай қолдау алады. Биылдан бастап пайызсыз қарыз 5 жылға беріледі, жобаларын жалғастырушыларға – 3 млн теңге, стартаптар үшін 1,5 млн теңге бөлінеді», - деп түсіндірді Айгүл Тағатова.

Биылғы жылдың қорытындысы Әлеуметтік кәсіпкерлердің ІІ құрылтайында шығарылды. «Жарқыра» байқауының жеңімпаздары жетістік тарихымен бөлісті. Сонымен қатар «Sport Concept» қоғамдық қорының негізін қалаушы, әлеуметтік кәсіпкер Анна Шелепова шеберлік-сыныбын өткізді. Табысты кәсіпкер Олжас Сүлеймен әлеуметтік кәсіпкерлікті табысты бизнес ретінде түсіндіріп өтті.

«Былтыр Әлеуметтік кәсіпкерлердің құрылтайына кездеусоқ тап болып, осы жақсылықтың, жаңа білімнің, игілікті істің ортасына сіңіп кетем деп ойламадым. Ылғи да өзіме ұнайтын істі жасап келдім, ал мұнда келгелі әлеуметтік кәсіпкер екенімді білдім. Жобаның арқасында небір адамдармен танысып, мақсаты биік, жүрегі кең, көңілі ашық жандардан көп нәрсе үйрендім. «Жарқыра» жобасымен танысуымен кездейсоқ емес екеніне сенемін. Біз адамдардың игілігі үшін бірге жұмыс істей аламыз, жыл өткен сайын ниеттес жандардың қатары көбейеді», - деп ой бөлісті жоба финалына қатысушы Шәрбат Бисалиева.

Құрылтай барысында облыс аумағында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытушыларға алғыс хат табысталды. Олардың қатарында Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен облыстық Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері бар.

«Жарқыра» бағдарламасы жыл сайын өткізіледі, яғни әлеуметтік кәсіпкерлер Қордан жыл сайын қаржылай қолдау алуларына мүмкіндік бар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер