«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесвумен – бұл ерекше кәсіп

2017 жылғы 03 Наурыз
- Атырау облысы
15551 просмотров

 8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Атырау қаласында іскер әйелдерге қошемет көрсетілді, өңірдің бизнес саласындағы нәзік жандылардың үлесі 44% құрап отыр. Іскер арулар облыстағы 23 мың кәсіпкерлікті басқарады екен. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 11 есе өскен. Бұл деректермен мерекелік шараны ұйымдастырған Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы Өңірлік іскер әйелдердің кеңесі бөлісті.

Аруларға арналған мерекелік шараға Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері ғана емес, Атырау қаласының кәсіпкер қыз-келіншектері шақырылды. Қыз-келіншектерді көктемнің алғашқы аптасында болатын 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен Атырау облысы әкімі құттықтады.

«Менің ойымша арулар мерекесі тек қана 8 наурыз ғана емес, бір жыл бойы тойлануы қажет. Өйткені әйелдің, ананың, әпке-қарындас пен қыз баланың адам өміріндегі мәні орасан зор. Әйел – өмірдің бастауы және оның жалғасы. Біз – ер азаматтар қашанда сіздерге қарыздармыз. Сіздерге ұзақ та бақытты ғұмыр тілегім келеді. Барлық жоспарларыңыз орындалсын», – деп құттықтады өңір басшысы.   

Шараны ашпас бұрын Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, танымал бизнес вумен Әлия Бекқожаева іскер әйелдің әлеуметтік ортадағы орны ерекше екенін атап өтті: «Іскер әйел либералдық құндылықтардың жаршысы. Ол үнемі кемелденуге ұмтылатын, шығармашылыққа, жаңашылдыққа жақын жан. Сондықтан біздің арулар экономиканың салаларында табысты еңбектеніп жатыр. Демек, арулар мемлекеттік биліктің барлық деңгейіне де белсене араласуы қажет. Бірінші кезекте кәсіпкер әйелдерді басқару органдары қызметіне сайлануына ұсыну керек. Мемлекет, саясат, қоғам өмірі дамуында іскер әйелдердің атсалысуы болмаса, әлемде осындай үйлесім, толымдылық болмас еді».

Кеңес төрайымының айтуынша облыстың 7 ауданында Іскер әйелдер кеңестері жұмыс істеп тұр. Өзге қыз-келіншектерге жақсы үлгі көрсетіп, жеке іс бастауға жігерлендіріп жүрген кеңес мүшелері ауыл бизнесіне сүбелі үлес қосуда. Олар ауылдық кәсіпкерлік көздерін біріктіріп отыр. 

Бизнес саласынан басқа аймақтың әлеуметтік өміріне араласып, қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы былтырғы жылдан бастап Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйінің 25 бүлдіршінін өз қамқорлығына алды.  Шара соңында облыс әкімі өңір дамуына үлес қосқаны үшін бір топ аруға алғыс хаттарын табыстады. Аталған шара қызықты концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер