«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Медицина саласында кәсібін табысты жүргізіп отыр

2016 жылғы 27 Желтоқсан
- Атырау облысы
12555 просмотров

Атырауда жылдың үздік кәсіпкері анықталды

«Медицина» АҚ бас директоры Забира Дәулетжанова жыл сайын өтетін «Жыл кәсіпкері-2016» байқауының жеңімпазы атанды. Бизнесвумен 1990 жылдан бастап фармацевтика саласында кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Акционерлік қоғам жеке және көтерме сауда қызметін дәріхана қоймалары, дәріханалар мен дәріхана пункттері, ал медициналық қызметті «Медициналық орталық» арқылы жүзеге асырады. Қазіргі таңда кәсіпорында 200-ден астам адам жұмыс жасайды. 2014 жылдан бастап «Медицина» АҚ «Атырау қаласында дәрілік препарттарды шығару бойынша фармацевтикалық зауыт құрылысы» инвестициялық жобасына қатысып келеді.

Айта кетерлігі, «Жыл кәсіпкері» салтанатты шарасы осымен 17 рет өткізіліп отыр. Жыл сайын жылдың айтулы шарасына өңірдің жетекші бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысады. Шараны ұйымдастырушы – Атырау облысы Кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағы. Салтанатты рәсімге мемлекеттік органдар, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен бизнес субъектілері қатысты.

Биылғы шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келгендіктен, жыл қорытындыларынан бөлек, 25 жыл бойы өз бизнесін тұрақты әрі қарқынды дамытып келе жатқан кәсіпкерлер еңбегі де назардан тыс қалмады.  

«Қазіргі бизнесті тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылған бизнеспен салыстыру мүмкін емес. Бүгінде отандық бизнес қарқынды түрде дамып келеді, мұның бәрі мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасы деп білеміз. Статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда өңірде 125 мың тұрғын кәсіпкерлікпен айналысады екен. Бұл экономикалық белсенділігі жоғары өңір тұрғындарының 40 пайызы», – деп атап өтті салтанатты шарада сөз алған Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев.  

Салтанатты марапаттау рәсімі барысында кәсіпкерлерді жалпы жеті аталым бойынша марапаттады. Осылайша, құрамына бизнес өкілдері енген байқау комиссиясының шешімімен, «Жылдың жас кәсіпкері» аталымы мен арнайы мүсіншені «Studbolt Manufacturing» ЖШС директоры Сәкен Мұратов иеленді. Айта кетерлігі, аталған кәсіпорын болттарды біріктіретін бұйымдар шығарумен және бекіту материалдарын жеткізумен айналысады. Қазіргі таңда, бір жыл бұрын ғана өз жұмысын бастаған кәсіпорында 8 адам жұмыс жасайды. Серіктестік өндірісінде «ASME» халықаралық стандарты енгізілген. Компания алдағы уақытта анкерлі болттар мен гайкаларды шығаруды жоспарлап отыр.

«Үздік ауылшаруашылық өнімі» аталымында «Алмалы құс» ЖШС бас директоры Шыңғыс Нақпаев үздік деп танылды. Бүгінгі күні құс фабрикасы жылына 30 млн дана тауық жұмыртқасын шығарады. Облыс пен өңір қалаларында аталған компания өніміне деген сұраныс жоғары дейді мамандар. Серіктестік құс шаруашылығына қажет су жаңа неміс қондырғысымен жабдықталған. Олардың қатарында құстарды қоректендіруге қажет арнайы қондырғы да бар. Компания қызметкерлері Қазақстан мен Ресейдің түрлі қалаларында өткен оқу курстарын тәмамдаған. Нәтижесінде қызметкерлер құс шаруашылығы саласында мол тәжірибе жинай білді дейді компания жетекшілері.

«Сауда саласындағы үздік компания» аталымы «Торговый дом «Мастер Дом» маркасы бар «Стройинвест-К» ЖШС директоры Владимир Калентьевке табыс етілді. «Мастер Дом» клиенттерге 2001 жылдан бастап қызмет етіп келеді екен. Кәсіпорын Атыраудағы құрылыс материалдарын сататын ірі сауда желілерінің бірі болып табылады. Барлық санаттағы клиенттердің қажеттіліктері ескеріле отырып әзірленетін теңдесіз акциялар мен бонустар, жеңілдіктер жүйесі арқасында компания облыс тұрғындары арасында танымал әрі оның өнімдері жоғары сұранысқа ие. Сауда маркасы дүкендерінде құрылыс материалдарының түрлері көп әрі тұтынушылар дүкен сөрелерінен алыс және жақын шетелдерде шығарылған жөндеу жұмыстарына қажет түрлі тауарларды да таба алады.

Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпкер ретінде «NGN Service» ЖШС директоры Серік Ақтөрешов деп танылды. Компания 2006 жылдан бастап компьютер, кеңсе және мекеме техникаларының, жөндеу және сервис бұйымдарының көтерме саудасымен және бағдарламалық қамтамасыз етумен айналысады.

«Атырауда жасалған» аталымы «Карат» ЖШС директоры Сүлеймен Ақдрашевқа бұйырды. «Дәулет нан» брендімен кәсіпорын, бүгінде, нан-тоқаш өнімдерінің 52-ге жуық түрін шығарады. Серіктестікте 120-дан астам адам жұмыс жасайды. Алдағы уақытта компания бірінші және жоғары сұрыпты ұн, сондай-ақ, макарон өнімдерін шығарумен айналысатын наубайхана желісін іске қоспақ. Бұдан бөлек, «Карат» ЖШС «Карат» консервілері түріндегі ет өнімдері мен «Мөлдір су» ауыз суын шығарумен айналысады.

«Әйел кәсіпкер-2016» аталымы бойынша Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, «Күзет» ПЦН» ЖШС бас директоры Гүлмира Жұмағалиева жеңімпаз атанды. Нәзік жанды кәсіпкер күзет қызметі, дабыл қағу, өрт белгісін беру және бейнебақылау жүйесінде техникалық қызмет көрсетумен және жөндеу жұмыстарымен айналысады, бүгінде ондағы қызметкерлер саны 357 адамды құрап отыр. Атыраудан бөлек, компания филиалдары Құлсары және Ақтау қалаларында ашылған.

Сонымен қатар, салтанатты шара барысында, кәсіпкерлерге отандық кәсіпкерлікті дамытуға қосқан өлшеусіз үлестері үшін, «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай» мерейтойлық медальдарі, облыс әкімдігі, Кәсіпкерлер палатасы мен Атырау облысы Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы атынан Алғыс хаттар табысталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау кәсіпкерлерге өз қызметтерін өңір жұртшылығына таныстыру әрі танымал етуге жол ашады екен. Осыған орай, байқауға қатысушылар саны да жыл санап артып келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер