«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қамқорлық көрсетіледі

2016 жылғы 02 Желтоқсан
- Атырау облысы
11028 просмотров

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі, Білім басқармасы мен Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйі, «Жанашыр» ұжымдық әлеуметтік қамқорлық ету туралы меморандумға қол қойды

Құжат аясында Іскер әйелдер кеңесі мүшелері балалар үйінің 25 тәрбиеленушісін (жетім балалар мен қамқоршысыз қалған балалар) өз қамқорлығына алды.

Естеріңізге сала кетейік, Атырау облысы басшылығының тапсырмасымен әзірленген «Жанашыр» әлеуметтік корпоративтік қамқорлық жобасының басты ерекшелігі, балаларды жеке азаматтар емес, кәсіпорындар мен мекемелер ұжымы қамқорлығына алады. Қазіргі таңда жоба аясында Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйінің екі тәрбиеленушісін «АНПЗ» ЖШС мен «Атырау су арнасы» КМК өз қамқорлығына алды. 

«Әр баланың ересек қамқоршысы болуы керек. Олардың өмірін жақсартып, жағдай жасауға әрқайсысымыз құлықты болуымыз қажет, ол үшін арнайы мейрамды күтіп қажет емес. Бастысы, бала жақсылыққа жаны құмар болып, өз күшіне сеніп, айналасындағы адамдардың қолдауын сезінуі тиіс. Жанға жылу берер жылы сөз бен мейірімге толы күлкінің өзі, әр баланы аз да болса бақытты етеді деп ойлаймын. Себебі, жат бала деген ұғым қазаққа тән емес, олардың бәрі – біздің болашағымыз және олардың әрқайсысы үшін біз жауаптымыз. Іскер әйелдер кеңесі балаларды дамытуға және тәрбиелеуге жан-жақты қолдау көрсетуге әзір. Дәл осы себепті, біз Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйінің 25 тәрбиеленушісін өз қамқорлығымызға алу туралы шешім қабылдадық», – деді меморандумға қол қою рәсімі барысында Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі төрайымы Әлия Бекқожиева.

Оның айтуынша, бүгінгі күні мемлекет тарапынан ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, жетімдерге барынша назар аударылып отыр. «Олар тегін тамақпен, баспанамен, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген. Жетім балалардың арнайы шоттарына «Бөбек» қорынан қаражат бөлінеді. Сонымен қатар, баспана кезегіне тұру тізімінде оларға басымдық беріледі. Әрине, олардың ешқайсысы, яғни, ешбір материалдық жағдай ата-ана мейірімі мен махаббатын,  жылуын бере алмайды. Сондықтан, біз осы балалар үшін екінші ана болуға тырысамыз», – деді бизнесвумен.        

Меморандум аясында Кеңес мүшелері балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін демалыс ұйымдастырып, олардың интеллектуалды дамуына, спортпен шұғылдануына, әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыда өмірден өз орнын табуына жағдай жасауға міндетті. Сонымен бірге, барлық нәзік жандар Іскер әйелдер кеңесі мүшесі және бизнес өкілдері болғандықтан, кәсіпкерлер тәрбиеленушілердің мамандық таңдауына белсенді түрде қатысады деп көзделіп отыр. Бұл ретте, балаларға бизнес-нысандар бойынша арнайы экскурсиялар ұйымдастырылатын болады.

Айта кетерлігі, меморандумға қол қою шарасы – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат бойынша Ұлттық комиссиясының «25 игі іс» республикалық науқаны аясында қолға алынып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер