«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жас кәсіпкерлер шыңдалуда

2016 жылғы 09 Қараша
- Атырау облысы
8302 просмотров

Атырауда «Жас кәсіпкер мектебі» атты жоба аясында білім беру басталды

35 жас кәсіпкер тәжірибелі тренерден бизнес ашудың қыр-сырын меңгеруде. Оқу Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өтіп жатыр.

«Жас кәсіпкер мектебі» жобасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту» атты төртінші бағытының аясында жүзеге асырылып келеді. Оның басты мақсаты – жастардың инновациялық және кәсіби әлеуетін ашуға септігін тигізу, жастардың кәсіпкерлікке белсенді араласуына ықпал ету, жас кәсіпкерлердің жауапкершілік деңгейін көтеру.

Жобаның тренері Әнуар Жұмабай айтқандай, оқу барысында жастар кәсіпкерлікті жүргізудің негізгі алғышарты бойынша білім алады. Нақты айтқанда, олар бизнесті ашу барысында кездесетін құқықтық, экономикалық, әлеуметтік мәселелермен танысып, бизнес-жоспар құруды, маркетинг пен менеджментті сауатты жүргізуді үйренеді.     

«Оқу соңында бизнес-жоспарды сәтті қорғаған «Жас кәсіпкер мектебінің» қатысушыларына осында білім алды деген сертификат беріледі. Бұл сертификат «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында грантпен қаржыландырылатын байқауға қатысуға мүмкіндік береді. Яғни, әрбір қатысушы өзінің тәжірибесіне, біліміне, жетістігі мен бастамасына, әлеуметтік маңызы бар жобаларға қатыссам деген ниетіне сүйене отырып, өзінің бар әлеуетін көрсетуге, бастамаларын орындауға мүмкіндік алады. Бүгінгі таңда атыраулық жастардың кәсіпкерлікке деген ынталары өте жоғары. Біздің міндетіміз – оларға көмектесу», – дейді Әнуар Жұмабай.

Оқу барысында қатысушыларға кәсіпкерлік жүргізуге және бизнес-жоспар дайындауға арналған тегін оқу-әдістемелік материалдар ұсынылған, оған қоса шағын кәсіп ашуға ой салатын идеялар анықтамалығы берілген. «Жас кәсіпкер мектебі» жобасы аясында білім беру тегін өткізілуде. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер