«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Отандық өндірушілер қалыс қалып, жергілікті мамандар жұмыссыз жүр

2016 жылғы 02 Қараша
- Атырау облысы
8430 просмотров

Ірі жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы отандық компаниялардың үлесін арттыру, ауылды жерлерде инфрақұрылымның жоқтығы, жер телімдерін алудағы қиындықтар

Бизнестің осы және өзге де өзекті мәселелері облыстағы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысында қаралды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсенбаев қатысты.

Бүгінде жергілікті кәсіпкерлер үшін ең маңызды мәселелердің бірі – ірі ауқымды жобаларды іске асыру көзделіп отырған «Теңізшевройл», «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» және «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» сынды үш ірі жер қойнауын пайдаланушының сатып алуларына қатысу. Облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев айтып өткендей, осыған байланысты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық компаниялардың аталған сатып алуларға қатысуын қамтамасыз ету міндетін қойып отыр екен. Аталған мәселе жақында Үкімет деңгейінде қаралған еді.

«Біз қандай да бір ірі құрылғыны немесе инновациялық технологияларды жеткізуді сөз етіп отырған жоқпыз. Бастапқыда ол азғантай шығыс материалдары болуы мүмкін. Біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз, компанияларды тендерлерге әкеп қатыстырдық, алайда жеме-жемге келгенде жергілікті өндірушілердің бағасы біршама қымбат болып келеді. Өнімдерді бөлу туралы келісімге сәйкес, барлық шетелдік мердігерлер мен қосалқы мердігерлер кедендік және салықтық баж салықтарынан босатылған. Тиісінше, тауарды осы жақтан өндіргеннен көрі, шетелден сатып алған арзанырақ.  Сондықтан үш операторларға өнім шығаратын компанияларды аталған төлемдерден босату туралы ұсыныс жібердік», – деп атап өтті Асылбек Жәкиев.

Өз кезегінде Облыстық кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Серболат Шораев жақында осы мәселе бойынша Үкіметте өткен жиналыстың хаттамасын алғанын, онда инновациялық технологиялар шығарумен айналысатын жергілікті компаниялар ҚҚС төлеуден босатылуы мүмкін деп жазылғандығын айтып өтті.

«Дегенмен отандық компаниялар үшін басқа салықтар мен кедендік баж салықтары сақталған, яғни, егер «Теңізшевройл» шетелден сатып алатын болса, олар тек қана көлік шығынын ғана төлейді, сәйкесінше, біздің компанияларымыздың тағы да тендерде жеңіске жету мүмкіндігі болмайды. Бұл және қосымша сатып алулар бойынша ғана. Ал негізгі жобалар бойынша өтетін тендерлер бізге мүлде қолжетімсіз. Бұл бірінші мәселе. Екінші мәселе –мамандар бойынша. Туристік визалар бойынша келетін шетелдік жұмысшылар өте көп. Олар вахталық әдіспен жұмыс істейді әрі оларға рұқсат алудың қажеті де жоқ. Ал жергілікті мамандарымыз жұмысқа орналаса алмай жүр», – дейді Серболат Шораев.

Тақырыпты «Казбуринвест» ЖШС-ның бас директоры, Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Асхат Дүйсәлиев жалғады. Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша салық және кедендік органдармен кездесу өткізілген екен.

«Олар бізге көмектесуге дайынбыз, бірақ тұжырымдамаларыңызды ұсыныңыздар деді. Ұсыныстар дайындау үшін біз әлемдік сарапшыларды тарттық. Қазір кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасымен және облыстың Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. «Теңізшевройл» мен Үкімет арасында келісім бар екені белгілі, неге бізге де солай істемеске? Алайда ол келісімге біз қол жеткізе алмаймыз, сондықтан осы мәселеде сіздерден көмек сұраймыз», – деп Асхат Дүйсәлиев облыс әкімінің бірінші орынбасарына өтініш білдірді. Ғұмар Дүйсенбаев облыс басшылығы бұл мәселені бақылауда ұстайтындығын және өз тарапынан жан-жақты көмек беруге дайын екенін жеткізді. Осы жағдайды шешуде ортақ ұсыныстар әзірлеу үшін мүдделі тараптармен кездесу өткізілетін болды.

Кәсіпкерлер үшін тағы бір көкейтесті мәселелердің бірі – жер мәселесі. Жылыой ауданы Құлсары ауданының бір топ кәсіпкерлері бірнеше жылдан бері жерге қатысты мәселені жергілікті әкімдікпен шеше алмай келеді. Жарты жыл бұрын наразы бизнесмендер Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына көмек сұрай барған еді.

«Кәсіпкер Алмагүл Сейсенова жеті жыл бұрын жер телімін сатып алған. Құлсары қаласының қазіргі әкімі оның жерін алып алды, орнына басқа жер телімін беруге уәде еткен. Алайда кәсіпкер ол жер телімін әлі күнге дейін алмады. Іңкәр Шынашеваға жергілікті билік он жыл бұрын сатып алынған жер телімі заңсыз рәсімделген деп сендірген. Оның қолында барлық құжаттар бар, алайда кәсіпкер оларды пайдалана алмай отыр. Тағы бір кәсіпкер Шынар Қалиева уақытша пайдалану үшін Құлсары қаласының орталығынан жер телімін сұрауда, алайда оған ылғи жер беруден бас тартып келеді. Жарты жылдан бері құжаттарды тасып жүрміз және мұндай деректер көп. Жергілікті әкімдік бізге көмектеспей отыр», – деді жиында сөз алған Кәсіпкерлер палатасының Жылыой ауданындағы филиалының директоры Ерболат Төлендиев.

«Мен бұл жағдаймен танысып шықтым. Осы жағдайды анықтау үшін Жылыой ауданына комиссия жіберілді. Егер Құлсары ауданына қатысты деректер расталатын болса, кінәлілерге қатысты тиісті шаралар қолданылады», – деп атап өтті облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсенбаев.

Бүгінде ауыл тұрғындары үшін инфрақұрылым жүргізу мәселесі өзекті болып тұр. Бұл туралы Өңірлік кеңестің мүшесі Әлия Бекқұжиева мәлімдеді. Жұмыс тобының жақында жасаған іс-сапарының нәтижесінде аяқталмай қалған 78 шағын және орта бизнес нысандары анықталған.

«Кезінде ауылдағылардың көбі шағын несиелер алды, ол кезде олар инфрақұрылымның жоқтығы туралы ойланған жоқ. Қазір уақыт өтіп жатыр, олар бизнесті іске қосқан жоқ, енді несиелерін төлей алмай отыр. Енді оларға қалай көмектесуге болады? Бұл бірінші мәселе.

Екінші мәселе – азық-түлік өнімдерін, мысалы, фаст-фудтарды сататын шағын бизнес субъектілеріне қатысты. Қала бойынша ондай шағын сауда нүктелері өте көп. Мәселен, бір әкім оларға сауда-саттық жасауға рұқсат берсе, келесі бір әкім келгенде, ол жерде сауда жасауға тыйым салады. Осыған байланысты қалалық әкімдікте өткен кездесуде сондай субъектілердің қызметін реттейтін бірыңғай жоба бекіту туралы ұсыныс айттық. Егер кәсіпкер одан тайқып кетсе, жазалай беріңіздер, бірақ қазір онда нақты жүйе жоқ», – деді Әлия Бекқұжиева.  

Бұл сұраққа облыс әкімінің бірінші орынбасары кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына барлық аяқталмаған жобаларды қарап, қандай кәсіпкерге қандай мемлекеттік қолдау шарасын қолдануға болатындығы туралы ойластыруға тапсырма берілгенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек, облыс басшылығымен өткен кездесуде кәсіпкерлер дуальды білім беру, табиғи газға алдын ала төлемді алып тастау, екінші деңгейлі банктермен арадағы даулы мәселелер сияқты жайттарды талқыға салды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары талқыланған барлық мәселелер назарға алынып, сол бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетіндігін айтты.

Жиын соңында жергілікті билік кәсіпкерлерге мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнатуда белсенділік танытуға кеңес берді. Облыс әкімдігі тұрып қалған коммуналдық нысандарды түгендеуді жоспарлап отыр және оны жергілікті кәсіпкерлерге беруге дайын екен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер