«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстанның үздік тауары: Атырау жұрты өз таңдауын жасады

2016 жылғы 19 Тамыз
- Атырау облысы
10190 просмотров

20-дан аса кәсіпорын мен жеке кәсіпкер үздіктер қатарынан көріну үшін өзара бақ сынады

Бүгін Атырау қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының өңірлік іріктеуінде «Жігермұнайсервис» компаниясының бұрғы-қашаулары, «Заман Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің нан-тоқаш өнімдері және «Амангелді» кооперативінің балық өнімдері жеңімпаздар тізімінде көш бастады.

Биыл байқауға барлығы 22 кәсіпорын мен жеке кәсіпкер қатысты. Қатысушылардың көп бөлігі (бизнестің 15 субъектісі) «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша жарыс жолына шықты. Бұдан бөлек, 4 кәсіпорын «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша және  3 кәсіпорын «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша сайысты.

Байқаудың ашылу салтанатына қатысқан, Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Диас Жәнібеков, барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, өңір экономикасын көтеруден бөлек, ел экономикасын дамытуда бизнестің рөлі айрықша екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда Атырау облысының өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2,5 млрд теңгеге жетіп отыр. Негізгі капиталға тартылған инвестицияның жалпы құны 1 трлн теңге. Қазір өңірде құны 600 млрд теңге болатын инвестициялық жобалар іске асырылуда. Олардың жүзеге асуы, міндетті түрде, жергілікті  халықтың әл-ауқатын арттыруға оң әсер етеді. Оған қоса, жалпы ішкі өнім көлемінде шағын және орта бизнестің үлесі айтарлықтай өскенін атап өткім келіп отыр», – деді басқарма басшысы.

Қатысушылар қатарында табысты жұмыс жүргізіп отырған кәсіпорындар да, қызметін енді ғана бастаған  кәсіпкерлер де бар. Табыстылар қатарында - «Жігермұнайсервис», «Өнерпаз», «Карат» және т.б. жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер көрмеден табылды. Енді ғана бизнесін бастағандар арасында – полипропилен бұйымдар өндіруші «Полимер Продакшн» ЖШС,  электротехникалық бұйымдар шығарушы «CENTECH» ЖШС, өзіндік киім тігу өндірісі түзілген «A.B.Style» ЖК бар.

Биылғы жылы ауыл кәсіпкерлерінің ерекше белсенділік танып отырғанын атап өткен жөн. Олардың бизнес нысандары енді ғана ашылса да, сапа жағынан табысты кәсіпкерліктерден еш кем түсіп жатқан жоқ. Бұлардың қатарында – Мақат ауданынан шыққан «Амир» жеке кәсіпкерлігі бар. Азамат Сағалиев мемлекеттен 3 млн теңге көлемінде несие алып, ауданнан жұмсақ және корпустық жиһаз өндіру цехын ашқан. Бүгінде өнеркәсіпте жергілікті халық арасынан 4 адам еңбек етеді. Кәсіпкер қажетті ағашты Ресейден сатып алады. Сондай-ақ Ресейде және Түркияда  өндірілген маталарды қолданады. Өнімі тек қана Мақат ауданында ғана емес, көрші Жылыой ауданында, Атырау қаласында үлкен сұранысқа ие.

Мемлекеттік қолдау ауылдық кәсіпкер Нұрлыбек Бисенбаевқа да көмектесті. Ол алған қаражатына күнделікті үй тұрмысына, ұлттық аспап – домбыра жасауға қажетті заттар өндіретін ағаш өңдеу цехын ашты. Оның өндірісінің басты ерекшелігі – жиһаз құрастыруды бұранда-шегелерсіз жүргізу әдісі болып отыр.

Жергілікті тауар өндірушілердің өнімін, құрамында «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК өңірлік филиалының өкілдері, «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері және тағы басқалары бар қазылар алқасы бағалады.

Таңдау оңай болған жоқ. Дегенмен «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша үшінші орын «Полимер Продакшн» ЖШС-ға бұйырды, екінші орынға – «Рауан Налко» ЖШС және бірінші орынға – «Жігермұнайсервис» ЖШС лайықты деп танылды.

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша бірінші орынды – «Заман групп» ЖШС иеленді. «Насиха» ЖШС екінші орында, үшінші орынды – «Өнерпаз» ЖШС алды.

«Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында үшінші дәрежелі дипломмен – «Карат» ЖШС, екінші дәрежелі дипломмен – «Профилакторий «Жемчужина» ЖШС, үздік бірінші дәрежелі дипломмен – «Амангелді» өндірістік кооперативі марапатталды.

Байқаудың басқа қатысушылары да назардан тыс қалған жоқ. Олардың барлығы Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

Ал жүлделі орынға іліккен қатысушыларды республикалық байқау күтіп тұр. Оның қорытындысы жылдың соңында белгілі болады.  Байқау дипломанттары байқау таңбасын төрт жыл бойы жарнамалық мақсатта қолдануға құқылы екенін атап өткен жөн. Яғни, өз өнімін нарықта еркін саудалай алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер