«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Беларусь бизнесі Қазақстан нарығында

2016 жылғы 30 Маусым
- Атырау облысы
8130 просмотров

Жуырда Атырауда Гомель облыстық құрылыс кешені басқармасы филиалы ашылады

Бұл туралы Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасында өткен, атыраулық кәсіпкерлердің Беларусь Республикасы Гомель облыстық бизнес-делегациясы өкілдерімен кездесуі барысында белгілі болды. 

Гомель облыстық  құрылыс  кешені басқармасы құрылыс қызметінің барлық түрін көрсететін, Гомельдегі құрылыс индустриясының ең ірі өкілі болып табылатынын атап айтқан жөн. Оның құрамында 43 ұйым бар: 3-і – жобалық, 33-і – құрылыс-монтаж, 1-і улы өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу және көму кешені.  

«Біз екі ай ішінде Атырауда  филиал ашуды жоспарлаудамыз, соған орай қазақстандық нарыққа өз қызметімізді көрсетпекшіміз. Бүгінге дейін бірқатар кездесулер, келіссөздер өткіздік,  соның барысында  кең қанат жаятын барлық бағыттарды айқындадық. Біз жалғыз емеспіз, беларусьтар қазақ нарығына белсене кірген, ең алдымен Гомель жол-құрылысы  тресі ел аузында,  олар өзінің өкілдіктерін Астанада ашқан, қазір Атырауда құрмақшы. ҚР Ұлттық экономика министрлігімен холдинг құру мәселесін келістік, қазір осы кәсіпорынмен бірігудеміз. Бір ай ішінде тіркеу құжаттарын аламыз, ала салысымен Атырауға келіп, филиал ашамыз. 2-3 ай ішінде жергілікті нарыққа қатысамыз деген сенімдеміз», – деп әңгімелейді  «Гомель облыстық  құрылыс  кешені басқармасы»  ММ бас директоры Владимир Лобацевич.

Өз кезегінде Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Қайранбаев бұл оқиғаға қуанатынын және палата бизнесменге әрқилы көмек көрсетуге дайын екендігін атап өтті.

«Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы ынтымақтастыққа әрдайым қуанады және есігін айқара ашады. Маманыңыз кез келген мәселе бойынша өтініш жасауына болады. Жергілікті бизнесмендердің бай дерек қоры бар, кәсіпкерлікті дамыту және қолдауға арналған көптеген құралдар бар. Өзіміз көрсететін қызметтің барлығы бойынша көмектесуге дайынбыз. Сонымен қатар «Атамекен»  ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалдары барлық облыстар мен аудандарда бар. Яғни, бізге келіп, республиканың барлық түкпірімен байланыс орнатуға болады. Біздің бизнесмендерімізге келетін болсақ,  есігіміз әрдайым бәріңізге ашық», – деді  Ербол Қайранбаев.

Құрылыс индустриясы өкілдерінен  басқа Гомель делегациясы  құрамында жеңіл өнеркәсіп орындары бар. Олар сонымен қатар жергілікті бизнесмендерге өз өндіріс орындары жайлы әңгімеледі. Атырауда бұл сала қарышты қадам басуда, уақыт өте келе бірлескен кәсіпорындар құрылуы да ықтимал.

Кездесу соңында Атырау мен Гомель арасындағы ынтымақтастық жолға қойылып, алғашқы нәтижелерге қол жеткізілуде екені атап айтылды. Өзара тиімді серіктестікті нығайту – болашақ міндеті. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер