«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Дағдарыста жұмыс жасауды үйретті

2016 жылғы 29 Наурыз
- Атырау облысы
8524 просмотров

Күрделі экономикалық жағдайда өз бизнесіңді қалай құрып немесе сақтап қалуға және өркендетуге болады?

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасында «Тұрақсыз кезеңде шағын және орта бизнесті дамыту» тақырыбында өткен семинар осы мәселелерге арналды. Шараны «Атамекен» ҚР Кәсіпкерлер палатасы мен «Деллойт» компаниясы ұйымдастырған.   

«Деллойт» компаниясының Каспий өңіріндегі маркетинг және коммуникациялар бөлімінің басшысы Анастасия Невенчаннаяның айтуынша, Ұлттық палата мен компания арасында бүкіл Қазақстан аумағында тұрақсыз кезеңде ШОБ-ты қолдау мақсатындағы семинарлар сериясын өткізу туралы келісімге қол қойылған. Пилоттық өңір ретінде Атырау облысы таңдап алынды.

«Елдегі күрделі экономикалық жағдай компания басшылары мен бизнес иелерін бизнес-үдерістерді оңтайландыру тәсілдеріне, салықтық, құқықтық және кедендік реттеу салаларындағы өзгерістерге, алаяқтық, қиянат жасаушылық және жемқорлық жағдайларынан болған қаржы мен беделден айырылу қауіптерін азайту мүмкіндіктеріне назар аударуға мәжбүрлеп отыр. Олар үшін бизнес-көрсеткіштерді дәл қадағалау және жақсарту үшін жан-жақты ақпарат алу маңызды. Осыны ескере отырып, «Деллойт» компаниясы Ұлттық палатамен бірлесе отырып шағын және орта бизнес кәсіпорындарын ақпараттық қолдау жөніндегі нұсқаулық жасады, біздің семинарлар дәл осы нұсқаулық бойынша өтуде», – деді Анастасия Невенчанная.

Семинарға барлығы 9 тренер келген. Құқықтық, кедендік және салықтық аспектілерден бөлек, олар семинар қатысушыларын өнімді экспорттаушылар да, импорттаушылар да бетпе-бет келуі мүмкін ЕАЭО шеңберіндегі өзгерістермен таныстырды. Бизнеске енді аяқ басқандарға сарапшылар бизнеске арналған базалық идеялар туралы, бизнес-жоспарды сауатты жасау, ондағы инвесторларды тарту үшін жасалуы тиіс негізгі бөлімдер және т.б туралы айтып берді. Ал бизнесмендер алаяқтық туралы бөлімге назар аударды, онда сарапшылар бизнес қызметіндегі мұндай фактілерді қалай анықтап, алдын алу туралы кеңестер айтты. Тұтастай алғанда қатысушылардың әрбірі өзіне қажетті дүниелерге қанық бола алды. Семинарға қатысу  тегін екенін айта кету керек. Жобаны компания  бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асырып отыр. Келесі үйрету семинары Ақтауда өтпек.

Анықтама үшін айтар болсақ, «Деллойт» компаниясы –  Қазақстан нарығында 1994 жылдан бері қызмет жасап келе жатқан халықаралық консалтингтік компания. Ол аудит, консалтинг, салық салу, ұжымдық қаражат салаларында қызмет көрсетумен айналысады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер