«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер мемлекеттік органдардың ашық әрекет етуін сұрайды

2015 жылғы 15 Желтоқсан
- Атырау облысы
8698 просмотров

Атыраулық бизнесмендер жыл қорытындысын шығарды

Жер мәселелері мен монополистер – атыраулық кәсіпкерлер дәл осы екі салада ұзақ уақыт бойы көптеген түйткілдерге ұшырап келген еді.

Алайда үстіміздегі жылы олардың шешілуінде оң тенденция байқалды. Атап айтқанда, қазірде өңірлік кәсіпкерлер палатасы облыстық жер қатынастары басқармасымен бірге жер ресурстарының онлайн-базасын құру бойынша жұмысты бастап отыр. Интернет-ресурс жер телімдері жайлы, олардың маңайындағы инфрақұрылым туралы ақпарат бере алады. Бұл кәсіпкерлер мен инвесторлардың Атырау облысында жеке бизнесін жоспарлауына мүмкіндік береді.

Монополистерге қатысты, соның ішінде, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ АФ қатысты айтар болсақ, үстіміздегі жылы Атырауда газбен жабдықтау мәселелері бойынша халыққа қызмет көрсетудің мамандандырылған орталығы ашылды. Орталық «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жасайды. 2015 жылы бизнестің құқығы мен мүддесін қорғау жөнінде жасалған жұмыс жайлы бизнес-қоғамдастық алдындағы есептік кездесуде Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев жеткізді. Палата басшысы өз сөзінде атап өткендей, олардың қызметінің басты міндеті бизнесті қорғау болып табылады. Жүргізілген жұмыстың арқасында кәсіпкерлердің 14 млн теңгеден астам сомадағы қаржылай шығынының алдын алуға және бизнес субъектілерінің мүліктік табысын 700 млн теңгеден астам көлемде ұлғайтуға қол жеткізілді.

«Бизнеске бейқаржылық қолдау көрсету тұрғысынан да Кәсіпкерлер палатасы маңызды нәтижелер көрсетіп отыр. Үстіміздегі жылы көрсетілген сервистік қолдау көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда төрт есе өсіп, 1 208 бизнес субъектісін құрап отыр. Сонымен қатар облыстағы барлық аудан орталықтарында әрекет ететін Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының консультанттары жалпы алғанда 6600-дан астам консультация берген», - дейді Асылбек Жәкиев.

Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша КҚО және КҚКО қоса алғанда 200-ден астам жұмыс орны жасақталып, жалпы 289,5 млн теңге сомасына 113 бизнес жоба сүйемелденген.

Үстіміздегі жылы есептік кездесудің кеңейтілген форматта өткізілгенін атап өту керек. Оған бизнестің 100-ге жуық өкілі, облыс басшылығы, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшелері, жергілікті атқару органдары, қауымдастықтар, даму институттары, екінші деңгейдегі банктер, жоғары және орта оқу орындары өкілдері қатысты. Іс-шараны ұйымдастырушылар алдарына түйткілдерді талқылап, оларды шешу жолдарын бірге табуға арналған еркін сұхбат алаңын құру міндетін қойды. Сұрақтардың көп бөлігі мемлекеттік орган атына қойылды. Кәсіпкерлер облыс басшылығына тікелей жүгініп, толғақты мәселелерін жеткізе алды.

Атап айтқанда, бизнес субъектілері жер қатынастары, қала әкімдігімен, монополистермен жұмыстағы жүйелік түйткілдерді сөз етіп, ауыл шаруашылық өнімді өткізуде жәрдем сұрады. Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев өңірлік палата қызметіне оң баға бере отырып, барлық айтылған бизнес түйткілдеріне сәйкес шаралар қолданылатынына уәде берді.

Құрманғазы ауданынан келген кәсіпкер Есболат Құбашев өз сөзінде ауылдық жерге көбірек назар аударуды сұрады. «Қазірде ауданда халықтың қоныс аударуы көптеп орын алуда. Оған бір себеп – жұмыстың жоқтығы. Монополистермен байланысты мәселелерде әкімшілік кедергілер азырақ болғанда, ауылдағы бизнес субъектілерінің саны еселеп артар еді. Ал бұл дегеніміз тұрғындардың жұмыс орны», - деп есептейді Есболат Құбашев.

Палата атына қойылған сұрақтар аз болды, негізінде, алдағы жұмысқа ұсыныстар айтылды. Кәсіпкерлер түйткілдердің шешілуіне қол жеткізуді, мемлекеттік органдардың бизнес үшін ашық әрекет етіп, жасанды кедергілер жасамауы үшін, жәрдем көрсетуді сұрады.

Өңірлік палата басшылығы жиналысқа қорытынды жасай отырып, келесі жылы белгіленген міндеттермен бірге мемлекеттік-жеке меншік әріптестік мәселелеріне, жергілікті мазмұнды көбейту, инвестициялар тарту және бизнес субъектілері үшін қаржы қаражатының қолжетімділігіне көп назар аударылатынын атады.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер