«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кепілдік болмаса, бизнес те болмайды

2015 жылғы 28 Қыркүйек
- Атырау облысы
10809 просмотров

Ауылдық кәсіпкерлер кепілдемелік мүлік жоқтығынан бизнес-жобаларын іске асыра алмай отыр.

Облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалының партиялық кураторы жанындағы «Шағын және орта бизнесті дамыту» бағыты сараптау комиссиясының отырысында осы төңіректе сөз қозғалып, отырыс барысында Атырау облысындағы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

«Мемлекеттік бағдарламаның екінші деңгейдегі банк көмегімен жүзеге асырылуының нәтижесінде ауылдық кәсіпкерлердің көпшілігі кепілдемелік мүліктің жоқтығы салдарынан кредит ала алмай отыр. Бүгінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қатысушыларының басым көпшілігі – бұл қалалық кәсіпкерлер», - деп атады өз сөзінде Атырау облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Қайырғалиева.

Мемлекеттік орган өкілінің айтуынша, үстіміздегі жылы бағдарлама шарттары жақсартылған, атап айтқанда, кредиттер бойынша ішінара кепілдендіру жөнінен ісін бастаушы кәсіпкерлер үшін кепілдік мөлшері 70-тен 85%-ға дейін көбейтілген. Сонымен бірге ісін енді ғана бастаушы ауылдық кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдау алуда ешқандай салалық шектеу жоқ.  

«Облыстық әкімдік тарапынан үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Соңғы үш жылда жергілікті бюджеттен 657 млн. теңге бөлініп, бұл 125 жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік берген», - дейді Гүлзада Қайырғалиева.

«Даму» қорының Атырау филиалының басшысы Әлия Өтепқалиева өз кезегінде екінші деңгейдегі банктердің барлығы бірдей қор кепілдігін ала бермейтінін, сондықтан да кәсіпкерлік басқармасының ҚР Ұлттық экономика министрлігіне кепілдендіру шарттарын оларды кеңейту жағына қайта қарауын сұрап хат жолдағанын айтып өтті.

Үстіміздегі жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында» Атырау облысына 1 млрд. 54 млн. теңге бөлінгенін атап өту керек. Соның ішінде субсидиялауға – 998 млн. теңге, ішінара кепілдендіруге – 46 млн. теңге және 10 млн. теңге – грант беруге. Кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Қайырғалиева атап өткендей, атыраулық кәсіпкерлер арасында бағдарламаның кредит бойынша ішінара кепілдендіру бағыты үлкен сұранысқа ие. Осыған орай ұлттық экономика министрлігінен қосымша 80 млн теңге сұралды. Бүгінде мәселе қарау сатысында жатыр. Жергілікті бизнесмендерден грант алуға өтінімдер де көптеп түсіп жатады. Бүгінде олардың саны 20-дан асып кеткен, алайда қаражат бар-жоғы 10 млн теңге көлемінде бөлінген. 

Жалпы, 2013 жылдан бері «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында Атырау облысында жалпы сомасы 34 млн теңгеге 325 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 2 800-ден астам жаңа жұмыс орны құрылған.     

Сараптау комиссиясының отырысында сонымен қатар алдағы коммуналдық қызмет бағасының көтерілу мәселелері талқыланды. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі облыстық департамент басшысының орынбасары Әлсейіт Сабыров айтып өткендей, бүгінде барлық базалық монополистер келесі жылдан бастап тарифтерді көтеруге  өтінімдер берген.

Партиялық куратор, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жақиев өз кезегінде қазір бизнеске онсыз да оңай емес екенін атады. Әрине, коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауы оларды қуанта қоймайды. Сондықтан да қазір Кәсіпкерлер палатасы коммуналдық қызмет бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында, монополистердің инвестициялық бағдарламаларына объективті баға бере алатындай сарапшыларды іздестіруде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер